Intecracy Group Intecracy Group Intecracy Intecracy


Дүйсенбі, 29 Желтоқсан 2014 10:39

Жерұйық іздегендерді елге шақырды

Қазақ елінің бас қаласының төрінде, Тәуелсіздік сарайында VII Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады.

2008 жылдан бастап, дүниенің шартарабындағы мемлекеттердің басшылық өкілдерінің, әлемдегі белді ұйымдар мен беделді компаниялар жетекшілерінің, бизнес пен экономика саласындағы ақылмандар мен данагөйлердің басын қосып келе жатқан АЭФ бүгінде жаһандағы ірі халықаралық форумға айналды. Бір қызығы, АЭФ өтетін күндері Ресейде «Петерборлық экономикалық форум» да жүретін болады. Бұл ретте сарапшылар әлемдік лидерлерді жинауда АЭФ-тің алға озғанын айтады. Санкциялардан үріккен жаһандық алпауыт компания басшылары Петерборға барудан бас тартыпты.

Астана экономикалық фору­мының басты іс-шаралары алдағы жұмада басталады. Биыл елор­дамызға дүниенің төрт бұры­шынан барлығы 10 мыңнан аса адам келеді деп күтілуде. Олар АЭФ аясындағы 70-тен аса жиындарда адамзатты дағдартқан қазіргі заманның экономикалық және әлеуметтік «қыр көрсе­ту­леріне» қарсы күрес үшін қажетті жаңа шешімдер мен тың тәсілдер іздейтін болады. Айтпақшы, фо­румның осы VII «құрылтайына» Нобель сыйлығының тоғыз лау­реаты келеді деп жоспарлануда. Олардың арасында елорда жеріне тұңғыш рет аяқ басатындары да бар көрінеді. Жалпы, осындай ғұламалардың қатысуы астаналық форумның интеллектуалдық, ғылыми сипатын паш етеді. 

Мұның сыртында, ресми мә­лімет бойынша АЭФ-ке 100-ден астам елдің 130-дан астам ми­нистрі шақырылып отыр. 

Форумның кешегі бірінші күнінде V «AstanaInvest – 2014» инвестициялық форумы және II Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы конференциясы өтті. 

Жиынға қатысқан Үкімет бас­шысы Кәрім Мәсімов қазіргідей алмағайып заманда «жерұйық» іздеген әлемдегі барлық инвестор­ларды Қазақстанға шақырды. Өйткені еліміз бизнес жүргізу үшін ең қолайлы жағдайлар жа­сауда. «Қазақстан бизнесті кор­поративтік табыс салығынан 10 жылға босатады» деген ақпар жақында тіпті шетелдік ақпарат құралдарында да жарияланды. 

– Соңғы айларда Үкімет ин­вестиция тарту бойынша жаңа кешенді бағдарламаны әзірледі, – деді Премьер. – Ал заңнамасы таяу уақытта Парламентке енгі­зіледі. Ондағы шаралар инвес­тициялық климатты жақсартуға, бизнеске түсетін әкімшіліктік ауырт­па­лық­ты азайтуға, сондай-ақ ынталан­дырулар, салықтық тұрақтылық, жаңа гранттар және қолдау тетіктерін ұсынуға бағыт­талған. 

Бұған қоса, шетелдік жұмыс күшін тарту жеңілдетіледі. Кәрім Мәсімов осы шаралардың арқа­сында Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін тартымды­лығының артатындығынан үмітті. Өз сөзінде ол инвесторларды Астанаға қаржы салуға шақырды. Өйткені «елорда мемлекетіміздің дамуында шешуші рөл атқарады». Демек, дәл қазір, яғни даму ке­зеңінде оған инвестиция салған­дар ұтады. Премьер-министр 2017 жылы жаһандық ЭКСПО көрмесі осында өтетіндігін еске салды. 

Кәрім Мәсімов «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы мақсат­тарға қол жеткізу үшін елімізге шетелдік инвестициялар керек­тігін мәлім етті. Өткен жылдарда республика бұл тұрғыда үлкен нәтижелерге жетті, бүкіл Орталық Азияға келген инвестициялардың 70 пайызын бір өзі иемденді. Бірақ алда бұдан да мол қаржы қажет.

АЭФ аясында, сондай-ақ «Smart Green Business Forum» өтті. Оған қатысушылар Прези­дент жанындағы Орталық ком­муникациялар қызметінің көш­пелі брифингіне қатысып, әр елден келген ақпарат құралда­рының сұрақтарына жауап берді. «Қазақстан – 2050»  стратегиясын­да табиғатқа зиянсыз заманауи экономиканы құруға үлкен мән берілген, бұл – дәуір талабы. Қазір Елбасының Жарлығымен Қазақстанның «жасыл» эконо­микаға өтуінің тұжырымдамасы қабылданып, жүзеге асырылуда. 

– Жаһандық ауаның жылы­нуы деген құбылыс жүруде, оған кү­мәнданушылар қатары күн са­нап азаюда, – дейді Нобель сый­лы­ғының лауреаты, Ресей ғылым академиясының «Үлкен жүйе­лердің сенімділігі және ресурсы» зерттеу орталығының директоры Святослав Тимашев. – 2007 жыл­дан бастап, ол ғылыми тақы­рып­тан жаһандық саяси проблемаға айналды. Бұған БҰҰ түрткі болды. Мен бір нәрсені айрықшалап айтқым келеді: жаһандық ауаның жылынуы мәселесімен ұлттық деңгейде айналыса бастаған бі­рін­ші мемлекет – Қазақстан бол­ған еді. Жалпы, біз бір жағынан, бизнес пен өндірістің дамуына кедергі келтірмейтін, екінші жағы­нан, жаһандық температура­ның көтерілуіне адамзаттың ықпалын азайтатын жолды табуға тиіспіз. Осы жолда көптеген қы­зықты өзгерістер, тың техноло­гиялар өмірге келеді. 

«Жасыл академия» жобасы осы мақсатта жұмыс жасап жатыр екен. «Қазақстанда Президент Жарлығымен қабылданған Тұ­жырымдаманы жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары орындалуда, – дейді жоба президенті Бақыт Есекина. – Ол «жасыл» бизнесті қолдау және ынталандыру шараларын қарас­тырады. Осы бағытта бүгінде ендігі жаңа заңдар қабылданды. 

Оған сәйкес, Қазақстанда табиғатқа түзу көзбен қарайтын компаниялар қосымша табыс көзін иеленеді. Атап айтқанда, ауаға шығарындылар көлемін азайта алған зауыт-кәсіпорындар өздеріне бөлінген квотаның қа­жетсіз бөлігін өзгелерге сата алады. 

«Заң бойынша кәсіпорын­дардың квота саудасына қатысуы­ның құқықтық негіздері түзілді. 160 кәсіпорын ендігі қатысуда. Тіпті квоталардың бірінші сау­да­лары да өтті. Бұл өте тиімді тетік. Бір жағынан, ол өндіріс-кә­сіпорындардың ауаға шығарын­ды­лар көлемін азайтуына ықпал етеді, өйткені азайтпай, қайта көбейтсе, айыппұл төлейді. Екін­ші жағынан, талапты орындаған­дар қосымша инвестицияға ие болады» дейді Б.Есекина.

Оның дерегінше, қазіргі уақыт­та Қазақстанда осы сала­дағы жаппай, толыққанды сауда жүргізу үшін инфрақұрылым тү­зілуде» дейді. Ол ол ма, Қазақстан тіпті артық квотасын «жасыл» технологияларға көше алмай жатқан өзге елдерге де сата алады.

«Жасыл форум» барысында Латвияның осы саладағы жетіс­тіктерінің таныстырылымы өтті. Бұл елде ауаны ластайтын ком­па­ниялардың салықтық жүктемесі басқаларға қарағанда жоғары көрінеді. Бұл елде қабылданған бір қағидат бойынша мәселен, кәсіпорын су қоймасынан не құбырдан алған суды табиғатқа сол таза күйінде қайтаруға міндетті екен. Қазақстан мұндай тәжірибелерді ары қарай зерделей бермек. Бүгінде Қоршаған орта министрлігінде «жасыл» эконо­микаға қатысты барлық заңнама­лық нормаларды біріктіретін «қолшатырлық» заң жобасы әзір­ленуде. Ол әлемде бар үздік «жасыл қағидаттарды» Қазақстан­да ендіретін болады.

 

http://www.aikyn.kz/news/view/49696

Leave a comment

Make sure you enter the (*) required information where indicated. HTML code is not allowed.

Intecracy Group