Intecracy Group Intecracy Group Intecracy Intecracy


Дүйсенбі, 14 Наурыз 2016 06:22

ҚАЗАХСТАН ПАРИЖ КЕЛІСІМІНЕ ҚОЛ ҚОЮҒА ДАЙЫНДАЛУДА

2016 жылғы 10 наурызда Астана қаласында «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен бірлесіп, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисі, БҰҰДМ мен GIZ-тің қолдауымен «Париж климаттық келісімі: басымдықтары мен Қазақстан Республикасы үшін мүмкіндіктері» атты халықаралық конференция өткізді.

Іс-шара Париж келісіміне қол қою туралы тарихи шешім қабылдаған БҰҰ КӨНК Тараптарының 21-ші конференциясының нәтижелерімен таныстыру және 2030 жылға дейінгі парниктік газдар шығарындыларын шектеу/азайту үшін іс-қимыл Жоспарына ұсыныстар әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды.

Конференцияға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, Энергетика министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшылары мен қызметкерлері, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, бизнес қауымдастықтың өкілдері, сарапшылар мен ҮЕҰ қатысты.

Іс-шараның модераторы ретінде ҚР Президентінің жанындағы «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Кеңестің мүшесі, «Жасыл Академия» ҒБО директоры, э.ғ.д., профессор Б. Есекина болды.

Конференцияны ашу рәсімінде ҚР Энергетика вице-министрі
М. Мырзағалиев сөз сөйледі. Өз сөзінде ол жаһандық климаттың өзгеруі қарқыны және онымен байланысты тәуекелдер бейімделу мен қаржылық механизмдерінің жаңа шараларын шұғыл түрде қабылдауды талап етеді деді. Республиканың СО2 шығарындыларын азайтуға байланысты міндеттемелерін - 2030 жылға қарай 1990 жылғы деңгейден 15% сөзсіз және 25% шартты мақсат ретінде - орындау үшін өндірістің жаңа технологиялық моделiне көшуге байланысты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Халықаралық ұйым атынан Қазақстанды климаттың өзгеруіне бейімделу іс-шараларын жүзеге асыруда қолдау көрсетуге дайындығын ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің жаңа басшысы, Елші Дьердь Сабо растады. Қабылданатын шұғыл шаралар тиімді заңнамалық база құруды қажет ететіндігі туралы ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы С. Плотников өз сөзінде айтты. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Комитет «жасыл» экономикаға көшу бойынша және экологиялық мәселелерге байланысты заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын өз деңгейінде аяқтап, Палатаның кеңейтілген мәжілісінде қарауға ұсынғанын айтты.

Конференцияда СОР21 нәтижелері мен оның шешімдерін жаһандық деңгейде жүзеге асырудың келешегі талқыланып, ҚР-да төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуге байланысты және 2030 жылға дейінгі парниктік газдар шығарындыларын шектеу/азайту үшін іс-қимыл Жоспарына ұсыныстар жасалды. Қатысушылар Жасыл климаттық қордың жобалары мен бағдарламаларына қатысу тетіктерімен, Париж келісімін жүзеге асыру аясында ЕО-мен ықпалдастық, кәсіпорындардың энергия тиімділігі саласындағы халықаралық тәжірибемен және т.б. танысты.

Осы мәселелерге байланысты баяндамалар мен презентацияларды Францияның ҚР-ғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ф. Этьен, Жоғары экономика мектебінің табиғат пайдалану экономикасы орталығының директоры(РФ), Г. Сафонов, GIZ/GCF өкілі К. Холлер, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. Қ. Үстеміров, т.б. жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша 2030 жылға дейінгі парниктік газдар шығарындыларын шектеу/азайту үшін іс-қимыл Жоспарына ұсынымдар қабылданады. 

Intecracy Group