Intecracy Group Intecracy Group Intecracy Intecracy


Сәрсенбі, 26 Қазан 2016 11:34

Астанада трансшекаралық су ынтымақтастығы мәселесі талқыланды

2016 жылғы 24-25 қазанда Астана қаласында «Қазақстанның «жасыл экономика» үлгісіне көшуін қолдау» ЕО/БҰҰДБ/БҰҰ ЕЭК біріккен жобасының шеңберінде «Жасыл Академия» Ғылыми-білім беру орталығы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, БҰҰ ЕЭК-тің қолдауымен ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы саясаты» тақырыбына семинар және «Қазақстан Республикасының трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың институционалдық тетіктері мен нормативтік құқықтық базасын жетілдіру» тақырыбына дөңгелек үстел өтті.

Семинар мен дөңгелек үстелде БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссияның сарапшылары бейіндік мемлекеттік органдарымен тығыз ынтымақтастықта дайындаған, трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы саясатқа шолу және Қазақстан Республикасы үшін ұсынымдар жобасы талқыланды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Н.Нысанбаев семинардың ашылуында сөйлеген сөзінде «Қазақстанда халықаралық су ынтымақтастығын жүзеге асыру кезінде климаттың өзгеру факторларына, сондай-ақ Қазақстанның су ағынының көп бөлігі одан тыс жерде қалыптасатынын ескеру қажет. Осыған байланысты Ео/БҰҰДБ/ БҰҰ ЕЭК «Қазақстанға «жасыл экономика үлгісіне көшуі үшін қолдау көрсету» бірлескен жобасы шеңберінде дайындалған саясатқа шолудың трансшекаралық су ресурстарын басқару саласында институттық тетіктерді және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру үшін мәні зор» деп атап көрсетті.

Саясатқа шолуды дайындау мәселесі 2016 жылдың қаңтарында су ресурстарын басқару саласында шешімдер қабылдауға тартылған мемлекеттік органдардың кең ауқымымен кеңестер жүргізу нәтижесінде басталды. Жоба Қазақстан Республикасында трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі халықаралық нормативтік құқықтық базасын және практикасын, сондай-ақ республикада қалыптасқан трансшекаралық су ресурстарын басқару жүйесін талдау негізінде әзірленді.

БҰҰ ЕЭК қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі Өңірлік кеңесшісі Бу Либерттің сөзінше, «бұл Шолудың бірегейлігі – трансшекаралық су ресурстарын басқару жүйесі мен нормативтік базасын талдаумен қатар, онда осы жүйені жетілдіруге бағытталған халықаралық жобалардың нәтижелерін талдау және сарапшылардың бағасына толық талдаудың ұсынылуында. Бұл бұрын жасалған барлық ұсынымдарды назарға ала отырып, оларға жүйелі талдау жүргізу және осы салада бұрын жүргізілген барлық реформаларды ескере отырып, ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді».

Талқылау барысында қатысушылар құжат жобасына өз ескертпелері мен ұсыныстарын жеткізді.

Intecracy Group