Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өтті. Отырысқа Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Энергетика министрлігінің басшылығы, Павлодар облысы мен Алматы қаласының әкімдері, ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ сараптамалық қауымдастық өкілдері қатысты.
Талқылау барысында «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры, э.ғ.д., профессор Б.К. Есекина төмендегідей ұсыныстарды ортаға салды:
1. Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығы стратегиясын іске асыру жөніндегі Жол картасын жедел қабылдау.
2. Кәсіпорындарға Париж келісімінің 6-бабы аясындағы тетіктерге қатысу және декарбонизация мақсатында климаттық қаржыландыру тарту үшін парниктік газдар шығарындыларын сертификаттау (верификациялау) мәселелерін пысықтауды бастау.
3. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығымен бірлесіп, халықаралық қаржы институттарының қолдауымен өңірлер үшін ЭЫДҰ (ОЭСР) индикаторлары, стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ) және Париж келісімінің 6-бабы тетіктері бойынша оқыту семинарларын өткізу.
4. «Еститін мемлекет» қағидатын іске асыру және Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Премьер-Министр Кеңсесіне Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, Үкіметтің ресми сайтында «жасыл экономикаға көшу» жөніндегі кеңестің қызметіне арналған арнайы портал құруды ұсыну.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Сайт Премьер-Министра Казахстана

