ҚАЗАҚСТАНДА КЛИМАТТЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДЫ ТАРТУДАҒЫ 6.8-БАПТЫҢ РӨЛІ

«Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы ҚР СИМ және «ҚазСтандарт» РМК-ның қолдауымен 2026 жылғы 11 маусымда «Қазақстан Республикасының экологиялық мәселелер жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына Париж келісімінің 6.8-бабын енгізу мәселелері» тақырыбында онлайн-кеңес өткізді.

Кеңестің мақсаты – экологиялық мәселелер жөніндегі ҚР Заңының жобасына Париж келісімінің 6.8-бабының ережелерін енгізу бойынша ұсыныстарды талқылау болды.

Кеңесті «ҚазСтандарт» РМК Бас директорының орынбасары А. Раззаренов жүргізді.

Кеңес жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің, ҚР СИМ ТРМК-ның, ҚР ЭТРМ, ҚР ӨҚМ Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының, «ҚазСтандарт» РМК-ның, «Ұлттық аккредиттеу орталығының» ШЖҚ РМК, «Жасыл Даму» АҚ-ның, «ESG TREND» ЖШС-ның, «KazWaste» қауымдастығының, сондай-ақ ҚР ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары және бизнес-құрылымдарының өкілдері қатысты.

Негізгі баяндамамен ҚР Президенті жанындағы Жасыл экономика жөніндегі кеңестің мүшесі, «Жасыл Академия» ҒБО директоры, экономика ғылымдарының докторы Б.К. Есекина сөз сөйледі.

Баяндамада жаһандық климаттық саясаттың заманауи үрдістері, сондай-ақ Бонн қаласында БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының Ғылыми және технологиялық консультациялар жөніндегі көмекші органының 64-сессиясы (SBSTA 64) шеңберінде өтіп жатқан халықаралық келіссөздер үдерісіндегі оның ерекшеліктері қарастырылды. Сонымен қатар Париж келісімінің 6.2, 6.4 және 6.8-баптары аясындағы климаттық қаржыландыру тетіктеріне қатысу бойынша Еуропалық Одақтың, Канаданың және Қытай Халық Республикасының тәжірибесі атап өтілді.

Талқылау барысында келесі қатысушылар сөз сөйледі: Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институтының құрметті директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор С.Ж. Галиев; С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің техника ғылымдарының докторы, профессор М.Б. Кошумбаев; NDC Partnership/ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің талдаушысы А. Алиева; «ҚазСтандарт» РМК Үйлестіру орталығының өкілі С.Б. Карибжанова; ҚР СИМ ТРМК Тауарларды стандарттау және шығу тегі басқармасының басшысы Қ.Д. Нурбек; «Ұлттық аккредиттеу орталығының» ШЖҚ РМК сарапшысы Н. Мухамеджанов.

Кеңес қорытындысы бойынша мынадай ұсынымдар ұсынылды:

1. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ҚР СИМ ТРМК көміртекті сертификаттау және Париж келісімінің 6-бабы тетіктеріне қатысу мәселелеріне қатысты тиісті түзетулерді ҚР Экологиялық кодексінің қолданыстағы редакциясына және «Қазақстан Республикасының экологиялық мәселелер жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізуді қарастыру.

2. Париж келісімінің 6-бабының 8-тармағы талаптары негізінде нарықтық емес тетіктерге қатысу ерікті негізде жүзеге асырылуы тиіс. Тетіктерді іске асыру парниктік газдарды есепке алу, мониторингтеу, есептілік, верификациялау және сертификаттау жүйелерін қолдану арқылы, ашықтықты қамтамасыз ететін және қосарланған есепке алуды болдырмайтын стандарттарға сәйкес жүргізілуі қажет.

3. ISO және Global ACI (IAF + ILAC) халықаралық талаптарына сәйкес базалық салалар үшін көміртек бірліктерін сертификаттаудың ұлттық стандарттарын әзірлеу.

4. ҚР ЭТРМ мен «ҚазСтандарт» РМК Париж келісімінің 6-бабы тетіктеріне қатысу арқылы CBAM тетігінің әсерін төмендету мәселелері бойынша зерттеулер жүргізу.

Ұсыныстар заң жобасына енгізу үшін Парламентке жіберіледі.

📧 info@green-academy.kz

🌐www.green-academy.kz