Жасыл өсу көрсеткіштерін енгізу және осы көрсеткіштер бойынша Ұлттық есепті әзірлеу

2019 ж. 19-20 шілдеде Париж қаласында «Жасыл өсу көрсеткіштерін енгізу және осы көрсеткіштер бойынша Ұлттық есепті әзірлеу» тақырыбына арналған ЭЫДҰ- Қазақстан жобасы аясында «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы және ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті өкілдерінің қатысуымен жұмыс отырысы өтті.

         Жиналыстың жұмысын ЭЫДҰ Қоршаған орта директораты, Жасыл өсу және халықаралық қатынастар басқармасының Аға менеджері Кшиштоф Мишалак және ЭЫДҰ Экономика директоратының Аға экономисі Томас Козлук алғы сөзбен ашты.

            ЭЫДҰ Қоршаған орта директораты Ақпарат және индикаторлар басқармасының өкілі Марьям Линстер «Материалдық (биотикалық және абиотикалық материалдар) ағымды анықтау» тақырыбына арналған екінші Сессияда сөз сөйледі.

            ЭЫДҰ Жұмыспен қамтумәселелері директоратының өкілдері Алесандро Джоглио және Паскаль Марианна «Экологиялық тауарлар мен қызметтер секторындағы жұмыспен қамту» атты тақырыпты қозғады.

            Төртінші Сессияда ЭЫДҰ Ғылым, технология және инновация жөніндегі директоратынан Фернандо Галиндо-Рюеда, Сильвия Аппельт, Фабиян Вергер және Гюлаюм Кподар «Жасыл өсуге қатысты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ)  байланысты шығындар»  атты тақырыбында сөз сөйледі.

            Талқылаудан кейін, ЭЫДҰ Қоршаған орта директоратының Экологиялық ақпарат және индикаторлары басқармасынан Иван Хашич және Мигель Карденас Родригес «Табиғи активтер базасы және ЭЫДҰ-ның басқа инструменттері (PINE дерекқоры)» атты тақырыпта сөз жалғастырды.

            «Жасыл Академия» ҒББО Директоры д-р Есекина Бахыт Табиғи ресурстар индексінің методологиясын назарға ұсынды, аталған методология ҚР аймақтарының табиғи ресурстарын қолдануда мониторинг жүргізу кезінде пайдалануға ұсынылды.

            Алтыншы Сессияда ЭЫДҰ Статистика және деректер басқармасынан Пьер-Ален Пионье «Экология-экономикалық есеп жүйесі (ЭЭЕЖ)» бойынша сөз сөйледі және Қазақстанға ЭЭЕЖ аралық есебі ұсынымдарының орындалуы жөнінде жаңартылған қысқаша ақпарат ұсынуға кеңес берілді.

            Отырыстың жабылу сәтінде Кшиштоф Мишалак осы жобаны жүзеге асырудың одан арғы қадамдарына қатысушылардың ұсыныстарын жинақтап,  талқылауды қорытындылады.

            20 шілде күні қазақстандық делегация мүшелері мен ЭЫДҰ арасында екіжақты кездесулер орын алды.