Кеңес – Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында 2013 жылы құрылған консультативтік-кеңесші орган. Осы отырыстың негізгі тақырыптары Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының іске асырылу барысы, қалдықтарды басқару мәселелері, қалдықтарды қайта өңдеу және энергетикалық кәдеге жарату инфрақұрылымын дамыту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын жаңғырту, сондай-ақ энергияны үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру болды.
Келесі мәселелер қаралды:
— қалдықтарды басқару мәселелері туралы.
Баяндамашы: Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Нысанбаев Е.Н.
— «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру туралы.
Баяндамашылар: Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Ұлытау облысының әкімдері.
— «жасыл экономикаға» көшу шеңберінде өнеркәсіп пен құрылыстың энергия тиімділігін арттыру туралы.
Баяндамашы: Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Нағаспаев Е. Қ.
Талқылауға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінің әкімдері, «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты.
Отырыс барысында экономика ғылымдарының докторы, «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығының директоры Б. Есекина өңірлерде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруды ғылыми-технологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің үйлестіруімен «жасыл экономика» мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесін құру туралы ұсыныс енгізді. Ұсыныс ғылым, білім, бизнес және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ орнықты даму мен қоршаған ортаны қорғау саласында заманауи технологиялар мен үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге бағытталған.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдарға «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасының іс-шараларын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою, қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту, сондай-ақ энергияны үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру саласындағы нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.
info@green-academy.kz


